Облыс орталығы іргесіндегі №33 орта мектепте еліміздің Төтенше жағдайлар комитетінің ведомстволық шешімімен 7-сынып оқушысы Зейнеп Қабылбекті марапаттау салтанатты жиыны өтті. Оған мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар, департамент қызметкерлері қатысты.
Ауыл көшелерінің біріндегі үйде өрт болған. Сонда №33 орта мектептің оқушысы Зейнеп оқиғаны өрт сөндіру бөліміне хабарлайды. Ал, өзі өртеніп жатқан үйге жүгіріп, ондағы төрт жасар баланы алып шығады. Жедел келіп жеткен апаттық жағдайдағы шұғыл көмек медицина орталығының бригадасы өрттен аман қалған баланы облыстық балалар ауруханасына алып кетеді. Мамандар Зейнептің сүт беріп, баланы жуындырып жедел көмек бергенінің арқасында бүлдіршіннің түтіннен улану салдарын төмендетуге көмектескенін айтады. Астанадан келіп жеткен министрліктің тапсырмасы бойынша Зейнепке Алғыс хат пен бағалы сыйлықты жергілікті қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Романевич тапсырды.
– Зейнеп жасаған әрекет біздің еліміздегі барлық оқушылар үшін үлгі етуге лайық батылдық пен өжеттік, – деді Михаил Николаевич. – Және де, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің, мамандардың өткізген қауіпсіздік сабақтарының қажет екеніне көзіміз жетті.
Ал, №33 орта мектеп ұжымы ұстаздары, оқушылары Зейнеп Қабылбектің өжеттігіндей осы мектептің әрбір оқушысы да осылай бір сәттік көзсіз ерлік жасауға дайын тұра алатындарына сенімді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан.
Павлодар.